Жаңалықтар
2026 жылғы 13 ақпанда физиология кафедрасының патофизиология блогы «Аурулар механизмі» модулі аясында м.ғ.к., профессор Абдикадирова Хамида Рахимовнаның ұйымдастыруымен «Денсаулық – өмір негізі, жаны саудың тәні сау» тақырыбында «Педиатрия» мамандығының 3006 топ студенттеріне арналған тәрбиелік маңызы жоғары ашық сабақ өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімдерін клиникалық ойлаумен және ғылыми көзқараспен ұштастыру, ағзада туындайтын патологиялық үдерістерді диагностикалау мен саралап диагноз қоюда заманауи оқыту технологияларын тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру болды. Осы бағытта оқытудың белсенді әдістерінің бірі – RBL (research-based learning) тәсілін тәжірибеде қолдану ерекшеліктері және Bologna Process қағидаларына сәйкес студенттің академиялық дербестігін дамыту мәселелері талқыланды.

Сабақ барысында RBL әдісі аясында бірқатар функционалдық-диагностикалық құралдардың ғылыми-тәжірибелік маңызы қарастырылды. Атап айтқанда, спирографияның тыныс алу жүйесі патологияларын анықтаудағы мүмкіндіктері, стресс-жүйе көрсеткіштерін бағалаудың зерттеудегі рөлі, сондай-ақ Electrocardiography әдісінің жүрек-қантамыр ауруларын диагностикалаудағы үлесі жөнінде мазмұнды ақпарат берілді. Студенттер нақты клиникалық жағдайларға негізделген тапсырмалар арқылы зерттеу нәтижелерін интерпретациялау мен дәлелді қорытынды жасауға машықтанды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі жастар тәрбиесіндегі аса өзекті бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Тыныс алу, жүрек-қантамыр, қан және эндокриндік жүйе ауруларының таралуы профилактикалық жұмыстың маңызын арттыратыны атап өтілді. Ашық сабақта қауіп факторлары, олардың ағзаға тигізетін кері әсерлері, алдын алу шаралары мен ерте диагностиканың принциптері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар студенттер профилактикалық және диагностикалық бақылау жүргізуде қолданылатын зерттеу әдістерімен танысты.
Қорытынды бөлімде қатысушылар салауатты өмір салты – денсаулықты сақтау мен нығайтуға бағытталған жүйелі әрі саналы белсенді іс-әрекет екендігін тұжырымдады. Іс-шара студенттердің ғылыми қызығушылығын арттырып, кәсіби құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік берді.
