Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
ҚЫТАЙ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕДІ

ҚЫТАЙ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕДІ

06 Маусым 2014

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті оқытушыларының делегациясы Қытай Халық Республикасының Сиань қаласына арнайы сапармен барып қайтты. Енді біздің университетке Шэньси провинциясының Халықаралық қатынастар мектебінің деканы Юксия Сонг (Yuxia Song) жауап сапарымен келетін болады.


Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясының Денсаулық және отбасын жоспарлау комиссиясы (Қазақстан Республикасындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасы сияқты құрылым) біздің университеттің делегациясын өз провинцияларының басты қаласында өтетін денсаулық сақтауды ұйымдастыру жөніндегі форумның жұмысына қатысып, өздеріндегі медициналық университеттің, оның клиникалық базаларының жұмысымен жақын танысып қайтуға шақырды.

ҚММУ делегациясы құрамында болған университеттің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, медицина ғылымының докторы, профессор Вилен Борисович Молотов-Лучанский, клиникаға кіріспе кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Сәуле Маутқызы Қабиева, балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Мейрамбек Сатыбалдыұлы Асқаров және балалар инфекциясы кафедрасының ассистенті Айнаш Ермұханқызы Дүйсембаева Қытай мемлекетінің көне қаласы Сианьда үш мазмұнды кездесу өткізді. Профессор Вилен Борисович Молотов-Лучанский атап көрсеткендей, бұл сапар Қытай мемлекетінің көне тарихымен танысу бойынша да өте қызықты және ерекше мазмұнды болды.  

Қытайдың көне қаласы Сиань бірінші кезекте өзінің терракоттық жасағымен әйгілі.Терракоттық жасақ – 8099 қытайлық сарбаздар мен олардың аттарының толық көлеміндегі терракоттық статуяларынан тұратын ғажайып қорымның қабылданған атауы. Ол 1974 жылы Цинь императоры Шихуанди зиратының жанынан, Қытайдың көне астанасы Сиань қаласының маңынан табылған. Бүгінде Сиань – сегіз миллион тұрғындары бар ірі қала, Қытайдың Солтүстік Батысындағы іргелі университ және өңірлік ғылыми-медицина орталығы.


  Қазақстандық меймандар университеттің білім беру үдерісінің,  клиникалық жұмыстың қазіргі заманғы ахуалынан үлкен әсер алды.

  Біздің делегация «Жаңа Жібек жолындағы денсаулық пен экономика мәселелері» тақырыбына арналған форумның жұмысына қатысты. Профессор Вилен Борисович Молотов-Лучанский осы алқалы жиында Қазақстандағы медициналық білім жүйесі мен провинцияның медициналық ұйымдарымен әріптестік мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.

Бүгінде Қарағанды өңірі  мен Шэньси провинциясының арасында студенттер мен оқытушыларды академиялық ауыстыру, медициналық кадрларды даярлау мен клиникалық жұмыс саласында кең перспективаларға жол ашылуда.


  Сапар барысында Шэньси провинциясының Денсаулық және отбасын жоспарлау комиссиясының басшысы Dai Zhengshe мырзамен, профессор, PhD, Jaotong University Jiangun Yan вице-президенті, ассоцирленген профессор, халықаралық білім беру мектебінің деканы Yuxia Song мырзамен кездесулер өткізілді. Қытай мен Қазақстандағы білім беру жүйесі, медицина мамандарын даярлаудың ерекшеліктері туралы сөз қозғалды.  Қарағандылықтар университетте үш тілде жүргізілетін білім беру үдерісі, ҚММУ білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулердің бағыттары туралы айтып берді.

 ҚММУ делегациясы университеттің госпитальдарында болды, сондағы зертхананың, қабылдау бөлімшесінің жұмысымен танысты, госпитальдың балалар бөлімшесінде болды. Вилен Борисович Молотов-Лучанский госпитальдарда медициналық жәрдемнің барлық  түрлері, соның ішінде жоғары мамандандырылған көмек түрлері көрсетілетінін атап айтты. Трансплантология кеңінен дамыған, соның ішінде бауыр, бүйрек және жілік майы ауыстырылып салынады. Университеттің 1-ші аффилирленген  госпиталында  айына 23 мыңға дейін операциялар жасалады. 

Амбулаторлық пациенттерге арналған басқа госпитальда оның басшысы,  профессор Fuyong Jiao бронхиальдық астма мен балалардың ішек инфекцияларын емдеуде қазақстандық тараппен тығыз байланыста болуға мүдделі екендіктерін білдірді. 

Біздің делегация бұл сапар Қарағанды мемлекеттік медицина университеті мен Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы медицина университеті арасында жемісті әріптестікті дамыту үшін қуатты серпін береді деп санайды. Бұл бағыттағы алғашқы қадам жасалды.ҚММУректорының атынан біздің жоғары оқу орнының делегациясы Шэньси провинциясының Халықаралық қатынастар мектебінің деканы Юксия Сонгты (Yuxia Song)жауап сапарымен Қарағанды қаласына шақырды. Осы сапар барысында біздің университеттер арасындағы екі тарапты байланыстарды дамыту, академиялық ұтқырлық, ғылым мен медициналық практика саласындағы бірлескен жобалар туралы Меморандумға қол қою күтілуде.


0
21557

пікірлер

пікір қалдыру үшін.