Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
АНКЕТАЛАРДЫ ЖЕТІЛДІРЕДІ

АНКЕТАЛАРДЫ ЖЕТІЛДІРЕДІ

29 Сәуір 2014

Отандық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасында 2009 жылдан бастап Халықаралық Реконструкциялау Банкі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторына технологиялар беру және реформалар жүргізу» бірлескен жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның маңызды буындарының бірі –  «Медициналық білім мен ғылымды реформалау».  Іс-шара компонентін «Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы» РМК жүзеге асырады.  Мысалы, 2014-2015 жылдарға техникалық және кәсіби, медициналық орта білімнен кейінгі білім беруді жаңғырту бойынша іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, оған «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасын әзірлеу; «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша медициналық колледждер түлектерінің кәсіби біліктілігіне зерттеу жүргізу; медициналық колледждер оқытушыларының біліктілік ұстанымына негізделген әлеуетін арттыру; тәлімгерлік бағдарламасын әзірлеу мен енгізу кіреді. Іс-шаралар Финляндияның қолданбалы ғылым университеттері Федерациясының сарапшыларымен бірлесе жүргізіледі.

Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде Финляндияның қолданбалы ғылым университеттері Федерациясының  сарапшысы Paivi Homan-Helenius ханым, PhD (медициналық ғылым, мейірбике қызметі), оқытушылар әлеуетін арттыру және біліктілікті зерделеуді жүргізу жөніндегі сарапшы, HAMK  және Teija-Kaisa Aholaakko, PhDCand,  LicEdSc , Laurea университеті сарапшысы болды.  Жобаның маңызды буыны болып табылатын С компонентін іске асыру шеңберінде  Финляндия мемлекетінен келген сарапшылар «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша медициналық колледждер мен университеттер түлектердің кәсіби біліктілігіне пилоттық зерттеу жүргізді.  «Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы» РМК медициналық білім беруді дамыту бөлімінің бастығы Марал Қалиева атап көрсеткендей,  ҚР ДСМ бүгінде мейірбике ісін дамытуға ерекше үлкен көңіл бөліп отыр.

 Бұл мемлекеттік  стратегиялар мен денсаулық сақтауды дамыту бағдарламаларында да белгіленген.  Медициналық мекеменің кадр персоналы негізінен орта буын медициналық қызметкерлерінен тұратыны баршаға белгілі. Демек, олардың кәсіби біліктілігін арттыру – бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Финляндиялық сарапшылар ҚММУ жобасының басшылары, «Мейірбике ісі» кафедрасының оқытушылары, супервайзерлер Надежда Николаевна Седач пен Саида Сембайқызы Өтебаневаға тренинг өткізді.  Сарапшылар зерттеуді қалай дұрыс жүргізу керектігі туралы айтты. Сапардың негізгі бөлігі мәліметтер жинақтауға арналды. «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша 4 курс студенттері зерттеуден өткізілді. Жүргізілген анкеталаудың мақсаты біліктілікті зерделеу процесін пысықтау болып табылды.

 Сарапшыларды анкета сауалдарының түлектердің біліктілігіне сәйкестігі, сұрақтар санының оңтайлылығы,  анкеталау сұрақтарының студенттерге қандай қиындық тудырғаны  қызықтырды.  Зерттеуден кейін сарапшылар анкеталаушылармен әңгімелесті.  Студенттер өздеріне қиындық тудырған жайлар туралы айтып берді. Сарапшыларға студенттердің анкета сауалдарын үш тақырыптық топқа бөлу туралы ұсынысы ұнады. Халықаралық сарапшылар бұл зерттеудің пилоттық екенін атап көрсетті. Ол алдағы мамыр айында өткізілетін негізгі зерттеулер барысында берілетін анкеталарды оңтайландыруға арналған, сондықтан туындаған техникалық қиындықтар алда ескерілетін болады. Сарапшылар студенттердің берген барлық жауаптары мұқият талданып, есеп түрінде ұсынылатынын айтты.  

Анкеталау аяқталған соң пилоттық зерттеуге қатысушылардың кездесуі өттті. Олар «Мейірбике ісі» мамандығын дамыту, қолданбалы бакалавриаттың ерекшеліктері, түлектердің біліктілігін негізгі зерттеу процесін пысықтау жайында өзара ашық пікір алмасты. Финляндия мемлекетінен келген меймандар біздің студенттердің білім деңгейі жоғары екенін және сыпайылықтарын атап көрсетті. Ал ең бастысы – олар өз мамандықтарын дұрыс таңдаған. Демек, болашақта бұл жастардан өз кәсібінің нағыз білікті мамандары шығатын болады.


0
20119

пікірлер

пікір қалдыру үшін.