Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Жастар – ғылым жолында

Жастар – ғылым жолында

18 Сәуір 2014

Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, онда ғылымның қия шыңына беттеген 54 ізденуші жастың баяндамалары тыңдалды.

Жастардың медицина саласындағы бұл ғылыми форумы мерейтойлық шара болды. Себебі бұдан 50 жыл бұрын 1964 жылы біздің оқу ордасының қабырғасында I республикалық ғылыми-студенттік конференция өткізілген болатын, онда шет тілдерде де баяндамалар жасалған еді.

Жарты ғасыр ішінде медицина саласында көптеген жарқын жаңалықтар болды, болашақ дәрігерлерді даярлау ісінде де басқаша ұстанымдар алға шықты. Мұның барлығы «Жастар мен ғылым: жаңа көзқарастар мен шешімдер» деп аталған осы конференцияның атынан да байқалып тұр. Еліміздің Президенті жүргізіп келе жатқан бүгінгі салиқалы саясаттың барысында тәуелсіз мемлекетімізді әлемнің барынша дамыған озық елдерінің қатарына қосу міндеті сәтімен іске асырылуда. Осы орайда бүгінгі жаңа заман талабына сай кадрлық медицина әлеуетін қалыптастырудың маңызы өте зор.

Бүгінгі заманғы медицинаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтар болсақ, бүгінде клиникалық тәжірибеде де, ғылыми зерттеулерде де машығы бар дәрігер-ғалымдар осы заманғы медицинаның басты тұлғасы болып табылады. Сол себептен де бүгінгі түлектер соңғы ғылыми жетістіктермен қаруланып, оны тәжірибе жүзінде қолдана білулері керек. Сондықтан біздің Қарағанды мемлекеттік медицина университеті ғылымның, білімнің және тәжірибенің синтезіне бағдарланған жоғары оқу орны болып саналады.

Конференция барысында біздің университетімізде студенттерді ғылыми зерттеулерге тарту жұмысы жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны анық көрінді. Бұл туралы пленарлық отырыста айтылды. Медицина ғылымының докторы С.М. Қабиева «ҚММУ студенттік ғылымы: дамудың қандай жолын таңдау керек?» деп аталатын  баяндамасында Reseach-based learning негізінде студенттерді оқытудың инновациялық ұстанымы жайлы баяндады. Мұндай ұстаным студент жастардың бойында білім мен машықты ғана емес, ғылыми жұмысты орындау дағдыларын да қалыптастыратыны тәжірибе жүзінде көрініп отыр. Сондықтан да білім мен ғылым синтезі арқылы кәсіби медик мамандарды даярлап шығару өз жемісін бере бастады деп айтуға толық негіз бар.

Иммунология және аллергология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы М.А.Ғазалиева осы тақырыптағы әңгімені жалғастырды. Ол анкеталау нәтижелерін іс жүзінде көрсетеотырып, осы жүйенің  Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде іске асырылу барысы туралы айтып берді.

Үш секцияның жұмысына ҚММУ студенттерімен бірге Алматы мен Ақтөбе қалаларынан келген студент жастар да белсене қатысты. Студенттер биылғы жылы барлығы 175 тезистер жариялады, сөз сөйлеуге 54 өтінім берді. 

№1 секция клиникалық медицинаның қазіргі заманғы қыр-сырына арналды. Н.Белякова,  Д.Баржанова, Ш.Мұратова, Р.Мирзоев сияқты студенттердің жұмыстары жоғары дәрежелі дипломдармен бағаланды. Олар өз жұмыстарында өткір коронарлық синдроммен науқастарға жедел көмек көрсетудің маңызды мәселелері, силарсил препаратын қолданудың тиімділігі, созылмалы буын ауруларын сандық шкала және Вонг-Бейкер шкаласы бойынша бағалау, екінші типтегі диабетті емдеу жолдары жайлы зерттеу жүргізген.

№2  секция ана мен баланы қорғаудың маңызды мәселелеріне арналды, бұл бағытқа елімізде еррекше көңіл бөлініп, мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. А.Айдарова,  Б.Махамедов,  Д.Әбдірахманова, А.Жұмабаева сияқты студенттердің жұмыстары жоғары бағаланып, арнайы дипломдарға ие болды. Олар өз жұмыстарында балаларды қорғау, балалар арасындағы лямблиозды емдеу жолдары, көру органы ауруларын емдеудің жаңа көзқарастары, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер арасындағы тубекулез ауруын емдеу жөніндегі маңызды мәселелерді көтерген.

    Бүгінгі заманғы медицина бірінші кезекте профилактикаға бағытталған. «Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған абзал» деген қағида осы ұстанымды білдіреді.Үшінші секцияның жұмысына қатысқан студенттер профилактикалық медицина саласындағы зерттеулерін ортаға салды. Олардың арасынан Ж.Сұлтанованың, А.Қайырғалидың, Д.Қалуованың, Н.Әзімнің баяндамалары үздік деп танылды.

Секциялық отырыстар барысында медицинаның маңызды мәселелері әңгіме арқауына айналды. Бұл отырыстар пікірталас, ұсыныстар түрінде өтті.

Конференция қорытындысында қарар қабылданды және жеңімпаздар марапатталды.  Бұл ғылыми шара біздің студенттеріміздің үлкен ғылыми әлеуетін көрсетті және алдыңғы толқын дәстүрін сәтімен жалғастыра алатын талантты толқын өсіп келе жатқанын байқатты.


0
22217

пікірлер

пікір қалдыру үшін.