Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Академик Төрегелді Шармановпен кездесу

Академик Төрегелді Шармановпен кездесу

18 Сәуір 2014

Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде Қазақ тағам академиясының Президенті, Ресей медицина ғылымы академиясының және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі  Төрегелді Шарманұлы Шармановпен студенттердің кездесуі өтті.

Қарағанды медицина институтының №1 дипломының иегері Төрегелді Шарманов өзін үлкен өмірге қанат қақтырған альма-матері туралы тебірене әңгімелеп берді. Ол осы ордалы оқу орны қабырғасында сапалы білім алып шығып, дәрігер ретінде қалыптасқанын, институт қабырғасында оқи жүріп, өзіне өмірлік серік болған адал жарын кездестіргенін кездесуге жиналған жастарға әсерлі тілмен баяндап берді.

Сол сияқты өз сөзінде академик Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің бүгінгі күнде еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі болып отырғанын, денсаулық сақтау саласының білікті кадрларын даярлау мен ғылыми жұмыстар саласында жарқын жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын ерекше атап көрсетті.

-Медицина – дәл ғылым. Бүгінгі заманғы медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, науқастарды емдеу әдістері жаңа белестерге көтерілді. Сондықтан да заман талабына сай білікті де білімді маман болу үшін көп іздену керек, алдарыңа биік мақсат қоя білу керек және сол биіктерді бағындыра білу қажет,-деді ол студент жастарға арнаған аталық ақыл-кеңестерге толы сөзінде.

Академик Төрегелді Шарманов өзінің алдында тұрған жоспарларымен де бөлісті. Қарағандыға ол бекер келмеген көрінеді.

Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында «Евразия Инвест Ltd» ЖШС (Осакаров ауданы) ұсынған вакуумдық құрғату әдісімен бие сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру жөніндегі жоба қарастырылмақшы.

Бұл мәселемен академик Төрегелді Шарманов ұзақ жылдардан бері айналысып келеді. Енді осы жоба сәтімен іске асатын күн де алыс емес.

Ал бұл жобаға ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетуді біздің Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті жүзеге асыратын болады. 


0
21576

пікірлер

пікір қалдыру үшін.