Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Инновациялық ізденушілер

Инновациялық ізденушілер

15 Сәуір 2014

Республикалық конкурстың қорытындылары бойынша Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің үш оқытушысы бірдей жеңімпаздар қатарына енді. Салтанатты марапаттау рәсімі жақында  Алматы қаласында ҚР Білім министрі Аслан Сарынжіповтың қатысуымен өтті.

Біздің сүйікті жоғары оқу орнымыздың абыройын одан әрі арттыруға үлес қосқан конкурс жеңімпаздары кімдер? Олар – балалардың инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымының докторы  Роза Бегайдарова, биология ғылымының докторы, медициналық биофизика және информатика кафедрасының меңгерушісі Берік Қойшыбеков және  медицина ғылымының докторы, хирургиялық пәндер кафедрасының  профессоры Роза Әлімханова.

 Біздің университетіміздің атынан сайысқа түскен осы үш жеңімпазымыздың ғылыми жетістіктерін қысқаша баяндап беру мүмкін емес. Ал мұны соңғы бес жыл ішіндегі (конкурста дәл осы уақыт бөлігі қарастырылды) жарқын жетістіктерімен түйіндеп көрсету үшін қатысушыларға өздері туралы ауқымды ақпарат дайындауға тура келді.

Бірінші жеңімпаз оқытушымыз – Роза Бегайдарова, ол жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау саласының үздігі болып табылады, 2005 жылы «ҚР БжҒМ үздік оқытушысы» атағына ие болған. Профессор өзінің ғылым жолындағы 40 жылын балалар инфектологиясы мәселелеріне арнап келеді. Ол  400-ден аса ғылыми жарияланымдардың, 5 монографияның, 25 әдістемелік ұсынымның, 6 жаңалықтың, 20 рационализаторлық ұсыныстардың авторы. 

Екінші жеңімпаз оқытушымыз – Берік Қойшыбеков, ол ғылыми жұмыспен белсенді түрде айналысып келеді. Экологиялық факторларға психофизиологиялық бейімделу, физиологиялық үдерістерге математикалық модельдер, электрофизиологиялық белгілерді талдаудың жаңа әдістерінің мәселелері оның айналысатын  негізгі тақырыбы болып табылады. Ол 79 жарияланымның, 7 жаңалықтың авторы. Оның басшылығымен медико-биологиялық мәліметтерді автоматтық өңдеу бойынша бірқатар бағдарламалық өнімдер әзірленді, биобасқаруды кері байланыспен өткізу бойынша аппараттық-бағдарламалық кешен әзірленді.

Үшінші жеңімпаз оқытушымыз – Роза Әлімханова балалар ортопедиясы саласындағы белгілі ғалым. Ол тірек-жүру аппаратының туа біткен  патологиясын емдеуде жаңа бағыт әзірледі, халықаралық және республикалық басылымдарда жарияланған 120 ғылыми еңбектің авторы. Әртүрлі деңгейдегі көптеген наградалары бар.

Конкурсқа қатысуға  жоғары оқу орындарының штаттық оқытушылары болып табылатын және ғылыми-педагогикалық қызметте жетістіктері бар республика азаматтары жіберілді. Конкурс дәстүр бойынша екі кезеңде өтті. Біріншісі жоғары оқу орны деңгейінде өткізілді, ал оның жеңімпаздарын Ғылыми кеңес  республикалық кезеңдегі конкурсқа қатысуға ұсынды. ҚММУ-нің осы үш оқытушысы да жоғары оқу орны ішіндегі іріктеуден сенімді түрде өтіп, республикалық деңгейде өз университеттерінің абыройын лайықты қорғай білді. 

Конкурстың қорытындылары бойынша жоғары оқу орындарының үздік оқытушылары атағына еліміздің 63 жоғары оқу орындарының 200 оқытушысы ие болды. Олардың әрқайсысы 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Бұл гранттар ғылыми зерттеулер жүргізуге, білім беру жобаларын дамытуға, монографиялар мен оқу құралдарын шығаруға, сол сияқты шетелдерде әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге арналған.

Аталған үш оқытушы да белсенді түрде ғылыми ізденістер жүргізіп келеді, сондықтан ұсынылып отырған мемлекеттік гранттар оларға кезекті маңызды жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін болады.

- Грант кәсіби біліктілікті үздіксіз арттыруға, сол сияқты жақын және алыс шетелдердің жетекші оқу орындарымен халықаралық әріптестікті жандандыруға мүмкіндік береді, - дейді Роза Бегайдарова. – Үздік оқытушы атағын жыл сайын тағайындау, сөз жоқ, педагогикалық шеберлікті арттыруға, оқытушылар кадрларын даярлау сапасын жақсартуға, жас мамандар мен ғалымдарды еліміздің жоғары оқу орындарына тартуға, білім беру үдерісіне инновацияларды енгізуге ықпал етеді.

   Татьяна УЛИЧЕВА


0
20735

пікірлер

пікір қалдыру үшін.