Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Авиценна атындағы Бұхара мемлекеттік медициналық институтіндегі (Бұхара қ., Өзбекстан) академиялық ұтқырлық

Авиценна атындағы Бұхара мемлекеттік медициналық институтіндегі (Бұхара қ., Өзбекстан) академиялық ұтқырлық

18 Шілде 2018

  Біз, жалпы медицина және стоматология кафедрасының 3-ші курс студенттері: Маманова Гүлназ, Айдар Гаухар, Әуелтай Құндызай, Жиребаева Әлия, Муслимов Наурызбек, Балмакова Кристина, Қапасова Еркежан, Серікбаева Ақмарал, Режаметов Сирожиддин, Маканбаева Жібек Қарағанды мемлекеттік медициналық университетімен Бұхара мемлекеттік медицина институтының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Жедел Медициналық Көмек Республикалық ғылыми орталығының Бұхара филиалы базасында өндірістік тәжірибеден өттік. Біздің жетекшіміз кафедра ассистенті, абдоминальді хирург Суннат Сатторович мырза болды.

  Екі аптаға созылған өндірістік тәжірибе барысында, біз хирургия, терапия, сәулелі диагностика саласындағы шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін меңгердік. Бес адамнан екі топқа бөлініп, 1-ші бестік терапия, 2-ші бестік хирургия бөлімшелерінде өткіздік. Сонымен қатар, тәжірибе бағдарламасын жақсы меңгеру үшін, әрбірімізге жеке дәрігерден жетекшілік  тағайындалды.

  Терапия бөлімінде біз науқастарды қарау, шағым жинау, анамнез, жалпы қарау, тыныс алу, қанайналым, асқорыту, зәршығару және нейроэндокринді жүйелердің пальпация, перкуссия және аускультациясын жүргізіп, ішкі мүше зақымдануларын, жетекші синдромды анықтап, біріншілік диагноз қоюға қатыстық. Ал, хирургия бөлімінде біз науқастарды қарау, физиопроцедураларды жүргізуде, байламдарды жаңарту және жасау бөлмесінде жұмыс істедік, зертханалық зерттеулерді және рентген суреттерін жинап, интерпретация бердік, операцияларда және оған деген дайындықта қатысып, хирургтардың жасаған жұмыстары туралы толық ақпарат бізге қолжетімді болды. Сондай-ақ, бізде қайтымды байланыс болды, бізге тағайындалған ұстаздарымыздың қойған сұрағына жауап бердік. Кейбіреуіміз қалауымыз бойынша қосымша ретінде кезекшілікке қалдық.

  Тәжірибеден бос уақытта Ибн-Сина атындағы БММИ-ның емдеу ісі факультетінің декан орынбасары, патаанатомия кафедрасының жетекшісі Хожиев Дилмурод Яхшиевич бізге арнап Бұхара қаласы бойынша мәдени-ойын-сауықтық бағдарламасын ұйысдастырды. Біз ежелгі сұлу қаланың қасиетті және көптеген көрікті жерлерін, оның ішінде Ибн-Сина атындағы мұражайды, оның туған ауылын араладық.

Бізді клиниканың деңгейі мен көлемі, клиника қызметкерлерінің бізге деген сыйлы қарым-қатынасы, тәжірибесімен және білімімен бөлісуге деген талпыныс, тәжірибеден өтуге барлық қолайлы жағдай жасағаны үлкен әсер қалдырды. Біз құнды кәсіби дағдыларға ие болуға және болашақта елімізге пайдалы болуға мүмкіндік алдық.

  Өзбекстанда тәжірибеден өтуге мүмкіндік берген Университетіміздің ректоры Р.С.Досмағамбетоваға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық бөліміне, оның ішінде М.Б. Сапароваға үлкен алғысымызды білдіреміз.


0
5150

пікірлер

пікір қалдыру үшін.