Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
«HELIOS» Берлин-Бух, Германия клиникасындағы академиялық ұтқырлық

«HELIOS» Берлин-Бух, Германия клиникасындағы академиялық ұтқырлық

19 Мамыр 2017

Әлемнің кез келген елінен білім алып, тәжірибе алмасу арқылы біздер білімімізді шыңдаудамыз. Біз, 5 курс студенттері Ермаханбет Темірлан және Сейітхан Мақсат 2017 жылдың аралығында Германияның Берлин қаласындағы «Helios Berlin-Buch» клиникасында тәжірибе алмасуға бардық. Бір ай аралығында клиникада «Жалпы хирургия», «Онкология және Гематология» бөлімшелерінде болып, дәрістерді тәжірибемен бекіттік. Жалпы хирургия бөлімшесінде жоғары дәрежелі медицина майталмандарымен бірге таңертеңгілік науқастарды тексеру жұмыстарын жүргізіп, науқас күтімі, яғни ауруын нақты анықтай білу, ем жасау жолдары, отаға дейінгі және кейінгі жағдайын бақылауды үйрендік. Жеңіл және күрделі операциялардың куәгері болып, ассистент болу арқылы жаңа техникалық құралдармен жұмыс жасадық. Онкологиялық аурумен ауыратын науқастармен жұмыс жасай отырып, олардан қан алуды және оларға көрсетілетін ерекше күтімді, сонымен қатар түрлі медициналық манипуляцияларды үйрендік.


Берлинде өткен 4 апта аралығында бізге жетекшілік еткен профессор У.Битц таңдаған мамандығымыздың қызықты тұстарын аша отырып, өз ісімізге деген ынтамызды оятты. Жауапты мамандықтың қыр-сырын жете түсіндірді.

Әр мамандықтың өз қиындығы болатынындай адам өміріне тікелей араша болатын «Ақ халатты абзал жан» атына лайықты болу үшін бар күш-жігерімізді аямай, елдің артқан сенімін ақтау мақсатында бізге берілген осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға тырыстық. Клиникада оқылған дәрістер мен тәжірибелермен қатар түрлі медициналық конференцияларға қатысып, науқасты емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерімен таныстық. Тәжірибе алмасу барысында алған білімімізді алдағы уақытта ұтымды пайдаланып, тәуелсіз еліміздің салауатты өмірі үшін пайдаланамыз деген сенім білдіреміз.


«Helios Berlin-Buch» клиникасында алған тәжірибеміз біздің кәсіптік даму жолымда да маңызды орын алатындығы анық. Осыған өз қолдауын көрсеткен Қарағанды Мемлекеттік медицина университетінің ректорыР.С.Досмағанбетоваға және халықаралық ынтымақтастық бөліміне алғысымызды білдіремін. Базалық білімімнің дәрежесін бағалаған неміс профессорлары қазақ жастарының дарынды екендігін мойындағаны біз үшін мақтанарлық жағдай. Сондықтан, Елбасымыз айтқандай өзгеден үйренуден қорықпай, әлемге жол ашайық!

Т.Е. Ермаханбет

М.А. Сейітхан

«Жалпы медицина» және «Стоматология» 5 студенттері.

Viel Danke! Tschuss !;)

0
6702

пікірлер

пікір қалдыру үшін.