Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Ұмытпайық ...

Ұмытпайық ...

19 Мамыр 2014

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Бұл – ҚММУ қабырғасында игі дәстүрге айналған айтулы шара. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында университет алаңында әскери палатка құрылып, солдат ботқасы пісіріледі, соғыс кезіндегі жорық әндері шырқалып, ардагерлерге құрмет көрсетіледі.

 Өкінішке орай, жыл сайын біздің арамызда соғыс ардагерлерінің қатары қатты сиреп барады. Бүгінде біздің университетте бір ғана соғыс ардагері қалды. Ол – Тамара Сагимян, сол сияқты 7 тыл еңбеккері мен 22 еңбек ардагері бар. Бұл күні ардақты Альма-Матер қабырғасына 12 ардагер келді. Олар – Валентина Григорьевна Архипова, Вера Яковлевна Галкина, Құсни Әменұлы Елеуов, Қабыл Алтайұлы Жұманбаев,  Гүлбану Ахметбекқызы Нүркенова, Антонина Инокентьевна Пономаренко, Владимир Петрович Роркин, Екатерина Петровна Сприндис, Никола  Георгиевич Вятчин, Гүлсұлу Рахымжанқызы Исина, Вера Васильевна Петрова. Олардың жалындаған жас дәурені сұрапыл соғыс жылдарына тура келді. Сондықтан олар барлық қиындықты елмен бірге бөлісіп, жан аямай еңбек етті.

Ардагерлер жорық қазанында пісірілген ботқадан дәм татып, соғыс әндерін сүйсіне тыңдады. Өздеріне көрсетілген сый-құрметке ерекше толқып, көздеріне жас алды. Өткен күннің ауыртпалықтарын тебірене еске алып, жиналған жастарға әсерлі тілмен әңгімелеп берді.

  Салтанатты шара университетке саяхат жасаумен басталды. Ардагерлер Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің бүгінгі келбеті қалай құлпырып кеткеніне қайран қалып, шынайы ризалықтарын білдірді. Олар оқу кабинеттері мен аудиторияларды қызыға аралап көрді. Студент жастар ардагерлерге алқызыл гүл шоқтарын тапсырды.

Содан кейін ардагерлер осы шараға арнайы құрылған әскери палаткаға келді. Стол басына ардагерлер мен олардың шәкірттері, университет басшылығы жайғасты. ҚММУ ректоры Раушан Сұлтанқызы Досмағамбетова ардагерлерге деген шынайы лебізін білдіріп, оларға зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Ал ҚММУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сенбек Әбдірахманұлы Сартабаев келесі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына осы құраммен осындай айтулы шараға жиналуды тілейтінін айтты. ҚММУ өнерпаздары хоры орындаған «Катюша» мен «День победы» әндері шаттықты кешті шалқытып жіберді.

  Өз кезегінде ардагерлер де көңіл төрінде жүрген естеліктерімен бөлісті. Владимир Петрович Ророкин соғыс жылдарында жастардың тез есейгенін айтса, бүгінде 90 жасқа толғалы отырған Екатерина Петровна Сприндис елімізге ашық аспан тілеп, ректорат пен  ҚММУ Ардагерлер кеңесінің атына әжелік көңілінен шыққан шынайы алғысын жеткізді. Ал  Құсни Әменұлы Елеуов жас ұрпаққа жарқын болашақ тілей келіп, келешекте өз істерінің білгір мамандары болуына ақ батасын берді.

  Бір сөзбен айтқанда, бұл тәрбиелік маңызы зор айтулы шара болды.                                            


0
19826

пікірлер

пікір қалдыру үшін.