Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Береке басы — бірлік

Береке басы — бірлік

16 Ақпан 2018

Біздің мемлекетіміздің баға жетпес байлығы — ұлтаралық қатынастағы қазақстандықтардың татулығы. Қазақстанда әртүрлі 120 этностың өкілдері ынтымақта ғұмыр кешуде. Олардың арасында қазақтар мен орыстар, татарлар мен украиндар, белорустар мен немістер, өзбектер мен қырғыздар, шешендер мен ингуштар және тағы басқа да көптеген ұлт өкілдері бар.

Біреулер бұл татулықты таңғажайып жағдай деп бағалайды. Себебі кешегі алып империя Кеңес Одағы күйрегелі бері Қазақстанның жерінде ұлтаралық қатынастар бойынша ешқандай қақтығыстар мен дау-жанжалдар орын алған жоқ. Өйткені меймандос қазақ халқы өзге ұлт өкілдерін жатсынбай қабылдап, оларға тамақ пен баспана берді. Қиындықты да, қызықты да бірге бөлісті. Осылайша олар бір атаның балаларындай болып кетті.

Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тамаша және ұлы жетістігі – этникааралық келісім мен толеранттылықтың қазақстандық үлгісі. Бүгінде бұл үлгі емес, еліміздің шынайы өмірінің көрінісіне айналып отыр.

  Қазақстандық патриотизмнің біріктіруші күші, еліміздің аумағында тұратын 120 этностар өкілдерінің өздерін біртұтас отбасы ретінде сезінуі  елімізде мұқият сақталатын ортақ тарихымызға негізделеді. Бұл ретте тәуелсізҚазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ролі баға жеткізгісіз екенін ашық айтуымыз қажет. Оның орасан зор күш-жігерінің нәтижесінде  біз өткен тарихымыздың қаралы беттерін: сталиндік режимнің саяси қуғын-сүргіндерін, тұтас халықтардың депортацияға ұшырауын сызып тастаған жоқпыз. Қайта оларды халықтың жадында сақтау үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдар, мұражайлар ашып отырмыз. Оларға әлемнің әр түкпірінен тағзым ету үшін мыңдаған адамдар келеді.

Этникаралық және конфессияаралық келісім өздігінен көктен түсе қалған жоқ, оған еліміз жылдар бойы жүргізілген сындарлы да салиқалы этносаясаттың нәтижесінде қол жеткізді. Бұл ретте ұлтаралық қатынастардың үйлесімі мен мәдени көпалуандықты сақтаудың бірегей тетігі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше маңызды роль атқарып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен консультативтік-кеңес органы ретінде құрылған Ассамблея Президенттің нағыз серпінді саяси жобасы болды.Ол құрылған кезден бастап қазіргі уақытқа дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Ассамблея жұмысының тиімді болуына бірінші кезекте көңіл бөліп, жыл сайын оның жұмысына қатысты жаңа ұстанымдар мен стандарттық емес шешімдер ұсынып келеді. Қазіргі уақытта Ассамблея Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген жаңа мәртебеге ие болды.

Ассамблеяның халықаралық беделі жыл сайын артып келе жатыр. Қазақстанның тәжірибесі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінде осындай қоғамдық құрылымдар пайда болды. Шетелдерде біздің еліміздің осы бағыттағы тәжірибесін үйренуге және насихаттауға арналған ірі халықаралық конференциялар өтуде. Қазақстандық тәжірибе халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Кезінде БҰҰ Бас хатшысы  Коффи Аннан Қазақстан Республикасын «Басқа мемлекеттер үшін ұлтаралық келісім мен тұрақты дамудың нақты мысалы» деп бағалаған болатын. Бұл – өте жоғары және лайықты баға.

Елімізде мемлекеттік тіл саясаты да салиқалы жүргізіліп келеді. Мемлекеттік тіл өзінің төңірегіне басқа этностардың ана тілдерін топтастыра отырып, достық пен татулықтың туына айналды. Сондықтан да барлық қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ниеттері өте үлкен. Оның үстіне қазақ әліпбиінің кирилл алфавитінен латын алфавитіне ауысқалы отырғаны бұл ынта-ниетті одан әрі күшейтуге жол ашып отыр.

Елімізде көптеген тілдерде газет-журналдар шығады, мектептерде әртүрлі этностар тілінде сабақ беріледі, ұлттық театрлар жұмыс істейді.  Қазақстандықтар үшін «Наурыз», «Масленица», «Құрбан айт» және «Рождество» сияқты мерекелерді жалпыхалықтық деңгейде атап өту игі дәстүрге айналған.

Жаңа тарихи кезеңде ҚХА ролі арта түсетін болады. Қазірдің өзінде этномәдени бірлестіктер жұмысында жаңа және стандарттық емес жұмыс түрлері мен шығармашылық ұстаным сұранысқа ие болуда. Бұл жолда аялдауға болмайды. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы бұрынғысынша жалпыға ортақ еңбек қоғамын, біздің Мәңгілік Еліміз – тәуелсіз Қазақстанды  құрушылар қатарының алдыңғы легінде алға қарышты қадам баса береді!

ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары ЮрийЧеркасов «Этникааралық келісімнің қазақстандық үлгісі – елімізде азаматтық қоғам құрудың, қазақстандықтарды біртұтас ұлт ретінде біріктірудің басты қағидаты. Бұл біздің ортақ тарихымыз және біртұтас мемлекетіміз – тәуелсіз Қазақстан Республикасының іргетасының берік тұғыры болып табылады» деп атап көрсетті.


0
4605

пікірлер

пікір қалдыру үшін.