Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
«Жаңғыру жастардан басталады»

«Жаңғыру жастардан басталады»

15 Қаңтар 2018

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған өзекті мәселелерді жүзеге асыру баршаның міндеті, осы орайда мәдениет пен рухани жаңғыруды іске асыру мақсатында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің практикалық дағдылар орталығында қазақ тілі апталығы өтті.

Осы аптада практикалық дағдылар орталығында білімдерін шыңдай түсу үшін «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан» байқауы ұйымдастырылып, өткізілді. Байқауға екі команда қатысты: университеттің қызметкерлерінен құрылған «Алаш» және 6-курс интерндерінен құрылған «Жас қыран» тобы. Байқау сұрақ және жауап түріндегі жаттығумен ашылды. Сосын қатысушылар эмблемасын салды, девиздерін ойластырды – осылай  олар әділ қазыларға және көрермендерге өз командаларын таныстырды.

 «Викториналық сұрақтар» кезеңі қатысушылардан тез және дұрыс жауапты талап ете отырып, олардың қырағылығын, зейін, жинақылық қасиеттерін айшықтай түссе, «Сандарды сөйлет» кезеңі олардың тарихи білімін, ой-өрісін, тапқырлығын шыңдай түсті. Ал көрермендер бұл кезде екі топқа бөлініп үлгерген еді. Бірі «Алаш» тобына жанкүйерлік танытса, екіншісі «Жас қыранға» өз қолдауларын білдіріп жатты. Олардың қызығушылығын әсіресе «Картадан көрсет» бәсекесі арттыра түсті. Бұл тапсырма әрі күрделігімен, әрі маңыздылығымен ерекшеленді.

Байқаудың шарықтау шегі «Теңге алу» кезеңі болды. Қазақ теңгесінің жасанды банкноттарына жасырған сұрақтарға жауап беру арқылы тәуелсіз еліміздің тарихындағы елеулі оқиғалар ой елегінен қайта түледі.

Суырып салмалық қасиет қай қазақтың болсын бойынан табылатын қасиет. Байқау қатысушыларының бұл өнерден де жұрдай емес екенін топтың әр мүшесінің бір өлең жолын құрастыруын талап ететін «Қызықты өлең жолдары» кезеңінен байқадық. Әдемі теңеу, қисынды ой таппай қиналғанмен, негізгі тақырып – Тәуелсіздікке тарту төңірегінде тілін тістеп қалған ешкім болған жоқ.

Ақыл-ойы мен рухани өрісі қатар дамыған кемел мінезді, отансүйгіш жастардың жетістіктерін арнайы шақырылған «Морфология» кафедрасының оқытушыларынан құралған әділ қазылар алқасы бағалады, олар Б.Х. Берикбаева, С.А. Кушербаев және М.Ж. Әлиева.   

Нәтижесінде «Жас кыран» тобы жеңіске жетті, бірақ екі командада алғыс хатпен марапатталды. Белсенді қатысушылардың қатарында өздерінің тәжірибелік білімімен және тапқырлығымен ерекше көзге түскен оқытушылар және интерндер болды. Олар А. Абилова (6100-гр.), У. Жанзақова (6102-гр.), Д. Қиқабай (6100-гр.), сондай-ақ Г.Т. Жуманова (ассистент-тағылымгер ЖДТ), Н.К. Бекпердинова (ПДО лаборанты), Ж.Б. Бостанова (ПДО лаборанты).

Қазіргі педагогиканың негізгі міндеттерінің бірі бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу болып табылады. Осы мәселенің шешімі үшін жастардың патриоттық сезімдерін ғана дамытпай, сонымен қоса, еріктілік сапалары: мақсатқа талпыну, шешім қабылдағыштық және сенімділікті де дамытуда да осындай іс-шаралардың қайталанбас рөлі бар. Сонымен, біздің шығармашылық жастардың кез келген бастамаларын, кез келген белсенділіктерін қолдайық. 

М.Ж. Әлиева

Морфология кафедрасының тағылымгер-оқытушысы  


0
4775

пікірлер

пікір қалдыру үшін.