Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
Курсанттар оқу-жаттығу жиындарын өтуде

Курсанттар оқу-жаттығу жиындарын өтуде

22 Шілде 2016

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының 2016 жылғы 18 мамырдағы № 207«2016 жылы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар студенттерінің оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы» бұйрығына сәйкес, Қарағанды облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің әскери кафедра студенттері 7-28 шілде аралығында оқу-жаттығу жиындарына шақырылды.

Оқу-жаттығу жиындарын өту барысында студенттер курсанттар деп аталынады. Оқу жиындары кезінде курсанттар іс жүзінде машықтанып, әскери кафедрада теория жүзінде алған білімдерін бекітеді. Оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңінде курсанттар саптық тәсілдерді пысықтап, атыс қаруының материалдық бөлігін зерделейтін, саптық байқау өткізілетін, дабыл бойынша тұрғызылатын  жас жауынгер курсынан өтеді.

Әскери кафедра бастығы, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Әскери ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, медицина қызметінің полковнигі Амантай Мұқанбайұлы Мұхаметжановтың басшылығымен Спасск кентінің оқу-жаттығу орталығында Калашников автоматы және Макаров пистолетінен ату оқу жаттығулары өткізілді. Ауа-райының жауын-шашынынды болғанына қарамастан, курсанттар қаруды қолдана білу машықтарын меңгергендіктерін дәлелдеп, атыс барысында жақсы нәтижелер көрсетті.

2016 жылдың 17 шілдесінде ҚММУ әскери кафедрасының аумағында курсанттардың Әскери ант қабылдау рәсімі өткізілді. Рәсім әскери кафедра бастығының «Тік тұр! Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туына қарап түзел!» деген пәрменімен басталды. Сап тынышталып, әскери оркестр әуеніне қосылып, Қазақстан Республикасының әнұранын орындады. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен курсанттар белгіленген орындарына қарай жылжып, оқытушы-офицерлер курсанттардан ант қабылдауға кірісті.  Әрбір курсант салтанатты түрде ант мәтінін оқып, Отан қорғаушылар қатарына кіру жауапкершілігін саналы түрде сезіне отырып, құттықтауды қабылдады. Бұл рәсім студенттерге Отанға қызмет ету қажеттілігін анағұрлым терең түсінуді білдіреді.

Рәсім аяқталғаннан кейін курсанттарды туыстары мен жақындары құттықтады. Бірақ бұл мүмкіндік ұзаққа созылмады. Себебі, бірнеше минут бұрын студент болған жастар енді әскердің қатаң тәртібіне бағынулары тиіс.

Оқу-жаттығу жиындары әлі екі апта бойы жалғасады. Бұл уақыт ішінде курсанттармен өткізілетін практикалық сабақтардың мақсаты: студенттердің әскери-медициналық пәндерді оқу барысындағы практикалық дағды мен машықтарын бекіту, сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жалпыәскери Жарғыларында реттелген қызметтік міндеттерін орындауға қажетті дағдыларды меңгеру, далалық жағдайларда санитар, санитар-нұсқаушы, фельдшер және әскери дәрігер жұмысын атқару, медицина қызметінің болашақ офицері ретінде өз тәжірибесінде жауынгерлік еңбекті және әскери қызметшілердің денсаулықтарына жауапкершілікті сезіну мүмкіндігін беру.

Оқу-жаттығу жиындары аяқталғаннан кейін студенттер әскери-медициналық дайындық бойынша бітіру емтихандарын тапсырады және ЖОО бітіру туралы диплом алғаннан кейін «Запастағы медицина қызметінің лейтенанты» алғашқы әскери атағын алады.

Әскери кафедраның зертхана меңгерушісі К.Қ. Рахымжанова 


0
7982

пікірлер

пікір қалдыру үшін.