Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
БІЗ ТҮСІККЕ ҚАРСЫМЫЗ!

БІЗ ТҮСІККЕ ҚАРСЫМЫЗ!

23 Қазан 2015

Дәл осындай атаумен 2015 жылдың 30 қыркүйек күні Дүниежүзілік контрацепция күніне орай Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде студенттер арасында викторина ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне акушерлік және гинекология кафедрасының белді ассистенті Сымбат Өмірзаққызы Жанабаева мен «Гедеон» компаниясы, интернатура факультеті акушерлік және гинекология бағытының 6-курсында оқитын 6001 және 6002-топ студенттері мұрындық болды.

Әрине, болашақ ана мен бала өміріне жауапты мамандық иелері үшін бұл күннің аталып өтпеуі мүмкін емес, ертеңгі ана, бүгінгі студент қыздарымыз бен жігіттеріміздің отбасын жоспарлау туралы жалпы білім беру дәрежесін көтеруді, еліміздің келелі болашағы үшін қандай да бір пайдасын тигізбек мақсатын жалау етіп алған ақ халатты абзал жандар жұмылған жұдырықтай бірігіп ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Викторинаға қоңырау кезінде 1,2,3-курс қазақ, орыс және ағылшын бөлімдерінің студенттері қатысты. Онда түрлі тақырыптарды қозғайтын сұрақтар қойылды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, сұрақтарға дұрыс жауап берген студенттер компания атынан сыйлықтарға ие болды, ал сұраққа жауап бере алмағандарға алдағы уақытта біліп жүрсін деген оймен арнайы ақпараттық брошюралар таратылды. Интерн акушер-гинекологтар студенттерге сұрақ қоюмен қатар, студенттердің осы тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауап сәттері өте қызық өтіп жатты. Тайға басылған таңбадай болып қабырғаларда «26 қыркүйек бүкіл әлемдік контрацепция күні», «Біз түсікке қарсымыз!» ұрандары жазылды. Ойы зерек, білімі жоғары біздің студенттердің бұл ұранды өмір бойы ұстауын міндет деп білеміз.

Айта кетейік, дүниежүзілік контрацепция күні - 2007 жылы  қыркүйектің 26-да репродуктивті денсаулық мәселесімен шұғылданатын көптеген ұйымдардың бастамасымен алғашқы рет белгіленді. Оның мақсаты - әлем бойынша әйелдердің денсаулығын сақтауда контрацепцияны насихаттау,  жастарға таныстырып, ақпарат беру, контрацепция мен отбасын жоспарлау тәсілдерін таңдауға кеңес беру.

Интернатура факультеті,

Жастармен  жұмыс жөніндегі бөлім,

акушер-гинеколог 6001-6002-топ студенттері


0
12849

пікірлер

пікір қалдыру үшін.