Қарағанды медицина университеті
«Медицина және экология» журналы
«Медицина» ай сайынғы газеті
Басты бет
Жаңалықтар
«Экстремисттік ағымдардың әсер етуінің алдын алу»

«Экстремисттік ағымдардың әсер етуінің алдын алу»

08 Сәуір 2014

Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде  2 сәуір күні студенттердің ҚМДБ жанындағы ЖАНТ-ның өкілімен кезекті кездесуі өтті. Кездесудің мақсаты – діни сенімге және діни әрекеттерге байланысты кейбір мәселелердің басын ашып алу. Іс-шараның арнайы қонағы «Нұрлы Білім» ҚҚ төрағасы, тарих магистарнты Сыздықов Рустем Мәлікұлы болды. Кездесуді ұйымдастырған діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бойынша Комиссия мүшелері мен тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімі.

Әуел басында студенттерге тақырыпқа сәйкес екі бейне фильмді («Сенімнен адасқандар», «Сирия мәселесі») көруге мүмкіндік жасалды.

Рустем Мәлікұлы сөзінде ресми және бейресми деректер бойынша Сириядағы соғысқа біздің еліміздің азаматтары аттанып кеткені белгілі екенін айтты. Өкінішке орай, олар белгілі бір психологиялық ықпалға түсіп, кім үшін, не үшін соғысып жүргендерін де білмейді. Деректер бойынша Сирияға елімізден 40-70 адамға дейін кетті. Оладың ішінде емшектегі балаларымен бірге аттанған әйелдер де бар.

Бұған дейін джихадқа баруды экономикалық жағдайы, әлеуметтік дәрежесі төмен адамдар ұйғарады деген пікір орын алған. Алайда, бұл мәлімет шындыққа жанаса бермейді. Барлық қайғылы оқиғалардын кейін кейбір барып келген азаматтармен сұхбаттасуға мүмкіндікке қол жетті. Олардың ішінде бірнеше тілді игерген, тарих, саясат, экономика  салаларындағы өзекті тақырыптарда әңгіме қозғай алатындар да бар. Сонда мынадай орынды сұрақ туады: қандай себептер бұл адамдарды қолына мылтық алып, өздері үшін мақсаты бейтаныс соғысқа аттануға итермеледі? Бұның басты себебі сананың улануында екені анық. Сирияда ешбір араб ұлтты адам соғысып жүрген жоқ. Өкінішке орай, онда сонау мың шақырым жерден келіп, қазақстандық азаматтар қанын төгіп  жүр. Арнайы орталықтардағы шейхтар өздері қауіп-қатерсіз жағдайда отырып алып, «мұсылман бауырларды» қолға қару алып, «ислам діні үшін» өмірін құрбан етуге шақырады. Мұндай араңдатушылықтың ықпалына түсіп жүргендер бар екені, әрине, қайғылы жайт.

Сананы улау үшін әдетте ұғымдарды алмастырып қою процесі жүреді. Бұл құбылыс, біріншіден, бүгінгі таңда кез келген адамның қолы жететін ғаламтор арқылы жүзеге асады. Ғаламтор ресурстарында ешбір сараптамадан өтпейтін түрлі ақпаратты тауып алуға болады. Екіншіден, бүгінгі таңда діни әдебиетті оқуда сақ болу керек. Кез келген кітапты оқымас бұрын, оның ҚР Діни Істер Агенттігі немесе ҚМДБ сараптамасынан өткені туралы белгі болуын тексеріп алған дұрыс.

Экстремисттік бағыттардың ықпалына түсіп қалмау үшін тағы қандай жағдайда жіті қараған жөн болады? Мешітте ерекше сақтық таныту қажет. Дәл мешітте арнайы топтар жиналып алып, кезекті «құрбандарын» күтіп отырады. Жақын арада мешітке келе бастаған адамды ондай топтар әдетте баурап алып, дәстүрден жұрдай бағытқа тартып әкетеді. Мешіт – Жер бетіндегі Алланың үйі. Негізінен, ешкім ешқашан мешітке кімде-кімге келуге тыйым сала алмайтынын ескеріп кеткен жөн. Сондықтан да, мешітке келген кезде міндетті түрде ресми қызмет жасап жүрген наиб-имамдармен сөйлесу керек екеніне назар аударыныздар.

Кездесу барысында студенттер айқын сұрақтар қойып, дер кезінде тиісінше жауаптарын да алды.

Соңында студенттерге мешітте арнайы дайындалған буклеттер таратылды. Онда ҚР тыйым салынған діни ұйымдар, сайттар және әдебиеттер туралы ақпарат жазылған.

  Т.В.Мустафина

Діни экстремизм және терроризмнің

алдын алу бойынша Комиссия төрайымы


0
20637

пікірлер

пікір қалдыру үшін.